background

  

 

 

           logo.v.6

line

Сәулетші туралы сөз еткенде, оның өзін жыға танымаған адам, қай жерде қандай қолтаңбасы бар екендігіне ой тоқтатып, көзі жеткенін бағалап, саралап, сүйсініс сезіміне ерік беріп, әлгі идеялардың авторына ыстық ілтипатымен құлай беріліп, сырттай болса да сол бейтанысына тілеулес болып жүреді. Егер дәм-тұзы 80 жасына 24 күн жетпей түгесілмегенде, отандық сәулет өнерінің саңлағы, «КAZGOR» жобалау академиясын 45 жыл бойы үздіксіз басқарған талантты ұйымдастырушы Әбдісағит Шаймұханбетұлы Тәтіғұлов өз мерейтойының төрінде бақыттан басы айналып отырар еді-ау! Өкініш өзекті өртейді. Әйтсе де көңілге медет жайларды амалсыз саралап та қаламыз. Еңсені тіктеу үшін, боркеміктенген ойды бекітіп алмаққа, кімнің кім екенін ажыратпақ мақсатпен. Қаралы митингіде Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхаты оқылып еді. «...Ол ұлттық сәулет мектебін қалыптастырып, шәкірт тәрбиелеудің озық үлгісін көрсетті. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына өшпес із қалдырған Әбдісағит Тәтіғұловтың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады». Egemen Qazaqstan Оның ел мүддесі жолындағы ерен еңбегінің елеулілерін ғана жіктер болсақ, сол сәулет өнерінің шоғырлы жақұттары-ақ, біртуар тұлғаның бар болмысын алдымызға жайып салары хақ. Айталық, ару Алматыдағы оның жүрегін жарып шыққан Республика сарайының, 25 қабатты «Қазақстан» қонақүйінің, стадионның, «Алатау» санаторийінің, «Нұрлы тау» көпқырлы кешенінің, «Анкара» мейманханасының, т.б. жобалау нұсқаларының бүгінде автор «меншігінен» шығып, халықтық мұраға айнал-ғанын аңғарар едік. Немесе Әбекеңнің ел астанасындағы қолтаңбаларына назар салып көрсек ше? Тәнтілігің үстемелене түседі. Бәрін тізбелемей-ақ тек «Нұрсая», «Триумфальный» тұрғын үй кешендерінің, Кенесары хан ескерткішінің, Әзірет-Сұлтан мешітінің сәулеттік шешімдерін айтсақ та жеткілікті. Осылардан-ақ Ә.Тәтіғұловтың тәуелсіз мемлекетіміздің сәулет өнерін дамытуға үздіксіз әрі сапалы үлес қосқанын айқын бағамдай алар едіңіз. Тіпті елорда мен Алматыны былай қойып, еліміздің әр қиырындағы көрнекі жобалау нысандарына жұрттың «Тәтіғұловтың қолтаңбасы», «Тәтіғұловтың ақыл-ойының жемісі» деп еншілеп айдар тағуының өзі, жеке тұлғаның елмен етене астасып кеткендігін айғақтайтын жарқын мысал емес пе! ...Бір жолы Әбекеңнің Алматыдағы саяжай үйінің маңдайшасынан ерекше «ентаңбаны» көріп, қайран қалғанымды жасырмадым. Әбекең де сезімтал ғой, қысқаша түсінік бере кетті. – Атам Тәтіғұл қажының Қостанай облысы Аманкелді ауданының Сарыторғай жеріндегі қыстауының сазбалшықтан иленген бір қызыл кесегін саяжай үйімнің маңдайшасына бедерлеп қабыстырып, қалап жібергенмін. Соны таңсық етіп тұрсың ғой. Ал мен егер, ата-бабаларымның қыстауларын түсімде жиі көремін десем, иланар ма едіңіз. Жеме-жемге келгенде қыстаулар – ұлттық тамырымыздың нәрі емес пе?! – Осы қазақтар отырықшылығының бір үлгісі – қыстаулар болар бәлкім. – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр¬дың басында халықтың шағын ғана бөлігі қалада, ал 90 пайызы ауылдық елді мекендерде тұрды. Сонда: «отырықшы болған еліміздің тұрақты мекені не болды?» деген орынды сауал өзінен-өзі көлденең тартылмай ма? Әрине, ауыл болды ғой... – Ендеше, «біз ХХ ғасырға дейін көшпенді болдық» деген сарыуайымымызды біршама тежегеніміз жөн болар. – Бізді анау айтқандай, «көшпенді» ғып көрсетушілердің көлгір сөзі неліктен шыққанын екінің бірі аңғарады қазір. Отырықшылық тұрмыстың бір белгісі – дербес инфрақұрылымды, өзіндік үйлесімді шешімдері мен сәулеттік-жоспарлық ерекшеліктері бар қыстаулар десек, артық айтқандық емес. Соның бір куәсі менің атамның қыстауы, деді Әбекең ойлы жүзбен. – Сол аруағы разы болғыр, қажы атаңыздың рухына арнап ас бергеніңізден де хабардармыз, Әбеке. – Бұл байлықтың буы емес, ата-бабаларға мінәжат етіп, ұрпақтарыма өнеге көрсетуден туған ой еді. ХХІ ғасыр имандылық ғасыры боларына сенемін. Иманды адамдары бар қоғам ұрлық- қарлықтан, ар ластығынан, үстемдіктен таза да ада бола алады. Қазір ел мен жердің байырғы атау¬ларын қайыру үшін күрес жүріп жат¬қан¬дығын айта келіп, бұл мәселеде бір жығылыс, бір тұрыс дегендей, сәл-пәл ілгерілеушілігіміз барын сездіргенімде, Әбекеңе бұл сөзім түрлі ой салды білем, қысқаша түйін жасады. – Мұның бәрі қыстаулар тарихын зерттеуге де тікелей байланысты. Аталар салған қыстаулар атаусыз қалмаса – ел, жер, мекен-тұрақ аттары да бастапқы кіндік есіміне өздігінен оралады. Аз отырыста өндіріс жағын өзеурете бергім келмей, Әбекеңнің сезім қылын терберлік бір сұрақ қойғым келіп, «есіңізге түссе, әлі күнге дейін жүрегіңізді дір еткізетін аса бір ыстық толғанысыңыз жайлы не айтар едіңіз?» деп тілек еттім. Әбекең тосылмады: – Шешем 83-ке келіп қайтыс болды... Ауылға зайыбым Мағрипа екеуміз көңілін сұрай барғанбыз. Кетерімізде анам есік алдына шығып, ақ батасын берді. Осы сәт, бір Алланың ісі шығар, бәлкім, «бұл соңғы кездесулеріңіз» дегендей, бойымды бір өткір сезім қақ айырғандай болды. Шыдай алмай, көзі жаутаңдаған анама қайта оралып, бар сезім-махаббатымды білдіріп, тіземді бүгіп, асыл анамның табанынан сүйіп-сүйіп алдым... Жүрегімдегі әл күнгі өшпес оттай ыстық сезім осы!.. Бұл іңкәрлік сезімді түйсінген кім-кімнің де жүрек қылы үзілердей болып, мейірімділіктің кәусарына қанып, тояттайтынын несіне жасырайық. Осы ХХІ ғасыр қай жағынан да қазақтың алтын ғасыры болады деп сенімділікпен айтудан жалықпайтын Ә.Тәтіғұлов болашақ үшін тер төккен серпінді сәулетші. Ол өзі болған 23 шетелде ұлттық намысты қолдан бермейтін дара бітім иесі екендігін дәлелдеген еді. Өзін толғантатын өзекті мәселелер жөнінен 200-ден астам еңбек жазып, бірнеше кітап шығарды. Жетпістің биігінен ірі турап сөйлейтін мүмкіндігі оған «Парыз. Считаю долгом своим» және «Ізгілер ізі. Раздумья о современниках» деп аталатын қос томдықтың тұсаукесерін Қазақстан Жазушылар одағында салтанатты жағдайда кесу бақытын бұйыртыпты. Осыдан бес жыл бұрын сәулет өнерінің тылсымдарын терең негіздеген бес томдық таңдамалысы жарық көріп, осы саланың алтын қорына қосылды. Соңында қалған көп шиырлы да айқын іздің бір берекелісі де осыған саятын шығар. «Егеменнің» белсенді авторы ретінде де оқырмандардың есінде жүрер. Әбекең – еңбегі еленген ер. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, бес бірдей академияның академигі, бірнеше құрметті атақтардың иегері, «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» және «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталған. Кезінде Д.Қонаевтың көзіне түскен, сеніміне кірген жас сәулетшінің байырқаланған еңбек баспалдақтары биіктеп шырқауға тартып, Елбасының қанағат сезіміне бөленгенін айту да парыз. 2007 жылы аса жоғары сапалы еңбек көрсеткіші үшін Елбасы қолынан сыйлық алды. Өмірден айнымас достар таба білген Әбекең өте қарапайым, адал, ақкөңіл, жомарт жан еді. Ол К.Сағадиев, М.Қозыбаев, Ф.Бәйімбетов, С.Байзақов, С.Досанов, Қ.Сәрсекеев секілді ұлт тұлғаларымен етене араласты. Өмір мәнін дос арқылы түсінуге тырысты. Маңайына қазақ әдебиеті мен өнерінің, ғылымының өзге де майталмандарын ұйыстыра білді, сыралғы болды, ұлт болашағы үшін арман-мүдделерін тоқайластырды. «Қолы ашық, мейірімді Мағрипамның ақ дастарқанына достарым үйіріліп, үйімізді бақытқа кенелтетін еді-ау», дейтін қайран Әбекең арада жиырма жыл өткен соң сол сүйікті зайыбының жанына мәңгілікке қисайды... Әбуәли мен Айдардай қос қарашығы қарашаңырақты ұстап қалды. Айдары өз орнын басты, үкілеген үмітінің бірі ғой... ...Сірә, ақынжанды болмай ірі сәулеткер болып қалыптаспас еді-ау деп түйін түйген біз, Әбекең туралы аз-мәз толғанысымызды жыр жолдарымен өрнектеуге бекіндік. Жан жылуы жадыратып маңайын, Ажарлапты ғұмыр тағдыр-талайын. Тәуелсіз елдің бақыты үшін күресіп, Күрсініспен күтіпті таң арайын. Шаттаныпты егемен елмен етене, Оңайлықпен бақытқа қол жете ме? Сәулетшінің жүрегінен жаралған, Жобалары ғасырларға кете ме?! Иә, кетер, уақытпен құндақталып, Нысаналар жел өтінде тұр қақталып. Әбекеңнің бар болмысын тану үшін, Қою керек, мұралық сырды ақтарып. Сәулетімен сән беріп жаһан-жұртқа, Елорда мен Алматы – ерен тұтқа. Қазақылық нышанын қалт еткізбей, Айналыпты тектік мінез – мол құтқа. Ұрандатпай, ұлықтамай көп істеп, Белден баспай һәм ешбір күштеп. Әбекеңнің қолтаңбасын халқы таныр, Айтып-айтпай, төтесінен дәл түстеп. ...Кезінде ел сәулетінің тегеурінді тізгінін мығым ұстаған Әбекең өткен шақпен де өз әріптестерінің қысылғанда қасынан табылып, ақылымен бөлісетіндей күй кештіретіні неткен тылсым күштің арбауы еді. Арбаудың ақиқаты – шындықпен шендесерін ойласақ, мар¬құмға деген қимастық сезім де сан-саққа ой жүгірткізіп, ерен тұлғаның нақ өмірдегі бүкіл болмысынан бір сәт ажыратпай, тәубе дегізерлігі еді... Қиял көкжиегінде – Әбекең армандаған қа¬зақ елінің әр елді мекенінің жайнап жаңғыруы, сәулеттене құлпыруы, ғасыр¬лар көшінде тектік тамырынан ажырамауы секілді тәтті үміт қалғымай, сер¬гек¬тігімен санамызды серпілтеді. Осындай ғажап та нақты істермен, көрікті ойлармен, мақсат-мүддемен күллі өмірін байыта бебеулетіп өткізген Әбекең неткен бақытты еді! Қайсар ӘЛІМ